Әскери басшылар мен ғалымдар Ұжымдық жедел әрекет ету күштерін қолдану барысында материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету жүйесін дамыту мәселелерін талқылады.
Жамбыл облысындағы «Мәтібұлақ» полигонындағы оқу-жаттығулар шеңберінде халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өтті. Оларға ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы генерал-полковник Анатолий Сидоров, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Қазақстан мен ҰҚШҰ елдерінің ғылыми ұйымдарының, жоғары әскери және азаматтық оқу орындарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Қарулы күштері Тыл бастығы басқармасы мен Ұлттық қорғаныс университетінің әскери ғылыми-зерттеу орталығы әскерлердің ғылыми әзірлемелері мен практикада қолдану саласындағы тәжірибе алмасу шараларын ұйымдастырды.
– Осындай ғылыми форумдар материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін нәтижелі дамытуға, әскерлерді материалдық құралдардың барлық түрлерімен жарақтандыруға, сондай-ақ медициналық қамтамасыз етуге бағытталған шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті генерал-майор Мұхамеджан Таласов.
Конференция барысында қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар жағдайында материалдық-техникалық қамтамасыз ету тобының қызметін, олардың қарқынын, тараптардың қару-жарақтың жаңа түрлерін қолдануын, жауынгерлік іс-қимылды жүргізу үшін әскерлерді материалдық құралдармен уақтылы жабдықтау қажеттілігін ескере отырып, ұйымдастыру мәселелері де қаралды.
Әскери медицина саласындағы мамандар бітімгерлік операциялар кезінде де тәжірибе алмасты. Алматы әскери клиникалық госпиталі бастығының орынбасары медицина қызметінің подполковнигі Абдували Палтушев Ливандағы арнайы мақсаттағы біріккен медициналық жасақтың қызметі жайлы айтты. Оның ресейлік әріптесі медициналық қызметтің подполковнигі Максим Токмаков Ресей Федерациясы бітімгерлік контингентінің тапсырмаларды орындау барысындағы медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру тәжірибесін сөз етті.
Сондай-ақ бітімгерлік операцияларда телемедициналық технологияларды қолдану, төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде медициналық көмекті ұйымдастыру тәжірибесі талқыланды.