logo

Ұлттық қорғаныс университетінде офицерлік бал өтті


Ұлттық қорғаныс университетінде офицерлік бал өтті

Республика күні қарсаңында еліміздің жетекші әскери жоғары оқу орнында ұлттық мерекеге арналған шара өтті. Офицерлер осындай әсем вальс арқылы сыпайылық, талғампаздық пен бекзаттық әдептерін көрсете алды.

Офицерлер балы – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жақсы дәстүр.  Әскери қызметшілер мұнда жаңа қырынан көрінеді. Жұптар арасындағы қарым-қатынастың тартымдылығы, әсемдігі мен ерекше талғамы да осы сәтте байқалады.

Джакомо Пуччинидің «Богема» операсынан Мюзетта ариясын орындаған Президенттік оркестрдің әншісі Әсел Модикешева бал басталар сәтте бәріне тамаша көңіл-күй сыйлады. Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен Ұлттық ұлан ансамблінің шығармашылық ұжымдары көрермендерге жарқын әсер қалдырды.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов басқарған қазылар алқасы офицерлер жұптарының жұбайларымен сөйлеген сөздерін бағалады.

– Бұл шараны Ұлттық мереке – Республика күніне арнадық. Әскерилер арасындағы офицерлік бал ежелден бекзаттықтың, ханымдарға деген көзқарастың, сүйіспеншілік пен адалдықтың символы болып табылады, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары.

Әскери-гуманитарлық ғылымдар факультетінің мүшелері офицерлер балында үздік деп танылды. Жекелеген жұптар «Көркемдік», «Үйлесімділік», «Бірегейлік» және «Грация» аталымдары бойынша  марапатталды.