logo

Қорғаныс министрі әскери оқу орындары басшыларына дәріс оқыды


Қорғаныс министрі әскери оқу орындары басшыларына дәріс оқыды

Жаңа оқу жылының басталуына орайластырылған іс-шаралар шеңберінде қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов онлайн-режимде «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қарулы күштердің рөлі мен орны» тақырыбында дәріс өткізді.

Қорғаныс министрінің Ұлттық қорғаныс университетінде өткен баяндамасын тыңдауға барлық әскери оқу орындары мен «Жас ұлан» республикалық мектептерінің басшылығы бейнеконференция байланысы арқылы қосылды. Дәріс барысында геосаяси ахуалды ескере отырып, Қарулы күштердің құзырындағы ұлттық қауіпсіздіктің негізгі аспектілері қарастырылды. Әскери кадрларды даярлауда барлық оқу-тәрбие процесін қазіргі заман талабына бейімдеу қажеттілігі де ерекше атап өтілді.

Сонымен бірге, дәрістің жекелеген бөлігі Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналды.

Қорғаныс министрі Президенттің коммуналдық саланы жаңғырту, өскелең ұрпаққа қолдау көрсету, денсаулық сақтау және білім беру, халыққа әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейту жөніндегі реформалары барлық қазақстандықтардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартатынын атап өтті. Бұдан өзге, Президент пен Парламент сайлауы мерзімдеріне жаңа тәсілдерді ұсына отырып, Мемлекет басшысы ел басқаруды демократияландыру мен азаматтарға тең мүмкіндіктер беретін әділетті Қазақстанды құру жолында басталған реформаларға адалдығын тағы да іс жүзінде көрсете білді.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери қызметшілер де өмірі мен қызметі Отан тағдырынан ажырамайтын Қазақстан азаматтары болғандықтан, биылғы Жолдаудың Қарулы күштер үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

Сабақты қорытындылаған Қорғаныс министрі Президент Жолдауының негізгі тезистеріне сәйкес, сондай-ақ өңірдегі және әлемдегі ахуалды ескере отырып, оқыту мен тәрбиелеу процесін ұйымдастыруға қатысты бірқатар тапсырмалар қойды.