Ұйымға мүше мемлекеттер үшін әскери кадрларды даярлау жөніндегі базалық оқу-әдістемелік ұйымдар басшыларының жиынына Ұлттық қорғаныс университетінің қару-жарақ және әскери техника ғылыми-зерттеу институтының бастығы полковник Айдар Бердібеков қатысты.
Кездесуге қатысушылар ұйымның ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құрамына кіретін Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін әскери кадрларды бірлесіп даярлау жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылады.
Іс-шара қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттер үшін әскери кадрларды бірлесіп даярлау жүйесін жетілдіру және ғылыми-зерттеу қызметі мәселелеріне келісілген тәсілдер әзірленді.
Жыл сайын ҰҚШҰ-ға мүше елдердің 2 600-ге жуық әскери қызметшісі бірлескен дайындық жүйесінде білім алатынын естеріңізге сала кетейік. Қазіргі уақытта Қазақстанда Армения, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары оқып жатыр. Бұндай офицерлерді Ұлттық қорғаныс университетінде, Құрлық әскерлерінің әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында және Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында дайындайды.