Ұлттық қорғаныс университетінде Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен Қарулы күштерді дамытудың қазіргі кезеңінде тәрбие, идеологиялық және психологиялық жұмысты жетілдіру жолдары талқыланды.
Іс-шараға Қарулы күштердің тәрбие және идеологиялық жұмыс органдарының басшылығы, ғалымдар мен профессорлық-оқытушылар құрамы, әскери психологтар, қоғам өкілдері қатысты.
Генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысында Қарулы күштерді дамытудағы қол жеткізілген оң өзгерістерді атап өтті. Қорғаныс министрінің орынбасары әскерлердің жауынгерлік оқуын ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін, қазіргі заманғы қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандырудағы, әскери білім беру мен ғылым жүйесін жетілдірудегі, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық және тұрғын үй мәселелерін шешудегі мүмкіндіктердің артқанын ерекше тілге тиек етті.
Тәрбие құрылымдарының офицерлері Қарулы күштерде Ел Президентінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауы шеңберінде республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізуді, сондай-ақ Мемлекет басшысының әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі тапсырмаларын орындауды басты назарға алып отыр.
– Биыл біз тәрбие және идеологиялық жұмысты қайта түрлендірдік. Бұл жұмыстар енді тәжірибеге бағытталған сипатқа ие болды. Бүгінгі таңда негізгі күш-жігер жеке құрамның патриоттық және моральдық-жауынгерлік рухын нығайтуға, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әскери қызметтің беделін арттыруға негізделіп отыр. Бұл жұмыстағы маңызды қадам Қорғаныс министрінің бастамасымен барлық күштік органдар мақұлдаған «Өміріңді сақта» ведомствоаралық профилактикалық бағдарламасын әзірлеу болды, – деді генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.
Патриоттық тәрбиені жетілдіру аясында жазушы және қоғам қайраткері Жан Ақжанов жастармен жұмыс жөніндегі бірқатар бастамаларды айтып, сөз сөйледі. Ал қазіргі қоғамдағы ақпараттық кеңістіктің маңызды екеніне байланысты танымал PR-коуч Ақерке Берлібай спикерлердің халық пен БАҚ алдындағы жұмысының ерекшеліктері жөнінде сабақ өткізді.
Бұдан бөлек конференцияда әскери қызметтің психологиялық аспектілері, оның ішінде әскерге шақырылушыларды іріктеу, оқу-жауынгерлік қызметті қолдау және әскери ұжымдардағы жағымсыз құбылыстардың алдын алу барысы да талқыланды. Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының құрметті профессоры Лола Шәкімова, ТЖМ медициналық-психологиялық қызмет басқармасының бас маман-психологы Шолпан Қабжанова, Ұлттық ұлан тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының аға офицері-психологы PhD докторы подполковник Александр Аксенов осы саладағы өз зерттеулері және практикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ, қатысушылар қазақ әскеріндегі тәрбие және идеологиялық жұмыстың қазіргі жай-күйіне талдау жасап, әлемнің жетекші армияларындағы әскери қызметшілерді тәрбиелеу және оқыту проблемасына назар аударды. Оған қоса бірлескен қызметті одан әрі ұйымдастырудың негізгі бағыттарын әзірледі.