Ұлттық қорғаныс университетінде Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтардың, әскери оқу орындары мен әскери бөлімдердің психологтарына жеке құраммен психологиялық жұмыс әдістерін жетілдіруге бағытталған үш күндік жиын ұйымдастырылды.
Оқу-әдістемелік жиынды Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов ашты. Ол психологтар қызметінің едәуір маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл жұмыс нақты атқарылу керек деді.
– Тәрбиелік құрылымдардың офицерлері, оның ішінде әскери психологтар жауапты моральдық-психологиялық компонент – әскерлердің жоғары жауынгерлік әзірлігінің ажырамас бөлігі. Бүгінде Қарулы күштер қатарында қызметтің барлық саласында психологиялық қолдауды жүзеге асыратын 300-ден астам әскери қызметші бар, – деді генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.
Қатысушылар психологтардың қызметін ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін, әскери ортадағы девиантты мінез-құлық пен суицидтік көріністердің алдын алуды, жауынгерлік жағдайда психологиялық жұмысты ұйымдастырудың ерекшеліктерін талқылады. Сабақтарды өткізу үшін оқу орындарының, медициналық ұйымдардың практикалық жұмыс тәжірибесі бар жетекші мамандар да шақырылды.
Елордалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-суицидологы Екатерина Миронова суицид мәселесі және оның алдын алу туралы дәріс оқыды. Астана қаласы әкімдігінің Психологиялық денсаулық орталығының маманы Ольга Когайдың сөзі әскери қызметшілер арасында ойынға тәуелділіктің алдын алуға арналды. Қазақ мемлекеттік заң университеті жоғары гуманитарлық мектебі психология пәнінің оқытушысы Анна Поздеева өз баяндамасында шақырылған контингенттің психологиялық ерекшеліктерін ашуға тырысты. Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің психологиялық қамтамасыз ету қызметінің офицері лейтенант Ғалия Мұстафина қаңтар айындағы оқиғалар кезіндегі жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Жиын барысында қазақстандық «Точприбор» ЖШС кәсіпорнының мамандары «Ақ-Сұңқар» әмбебап психодиагностикалық аппараттық-бағдарламалық кешенін ұсынды. Компьютерлік психодиагностика құралы өзіне қол жұмсауға бейім топқа жататындарды анықтауға, сондай-ақ берілген критерийлер бойынша кәсіби түрде іріктеу жүргізуге арналған.
Сонымен қатар, жиынға қатысушылар әскери бөлімдерге барып, практикалық тренингтер өткізді. Онда психологтар өздерінің қызметтік іс-әрекеттерін қалай ұйымдастыратынын тәжірибе жүзінде көрсетті.