logo
logo

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті
Елбасы Н. Ә. Назарбаев

Қазақстан Республикасының Президенті -
Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қ. К. Тоқаев

logo

Ұлттық қорғаныс университетінде азаматтық қорғау кафедрасы ашылды


Ұлттық қорғаныс университетінде азаматтық қорғау кафедрасы ашылды

Еліміздің жетекші әскери жоғары оқу орнының жаңадан ашылған кафедрасында Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінен магистранттар оқитын болады.

Іс-шараға Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов және төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі генерал-майор Ибрагим Күлшімбаев қатысты.

– Азаматтық қорғау – еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің бір элементі. Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар төтенше жағдайларды жою кезінде азаматтық қорғау органдарына белсенді түрде араласып, жәрдемдеседі. Жаңа кафедра әскери білім берудің жалпы жүйесін толықтыратынына және жоғары білікті кадрларды даярлау орнына айналатынына сенімдімін, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.

Оқыту жеті пән бойынша жүзеге асырылады. Олардың қатарында «төтенше жағдайларда радиациялық, химиялық және медициналық-биологиялық қорғау», «бейбіт және соғыс уақытында азаматтық қорғау іс-шараларын жоспарлау және басқару», «төтенше жағдайларды ескерту және алдын алу» және басқалары бар.

Бұлардың бірқатары, оның ішінде азаматтық қорғау мен авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу, жалпы әскери факультеттің, тыл және техникалық қамтамасыз ету факультеттерінің және Ұлттық ұланның магистранттарына да оқытылуда. Сондай-ақ кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы азаматтық қорғаныс тақырыбы бойынша ғылыми грантты іске асырып жатыр.

 Өз кезегінде төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Ибрагим Күлшімбаев кафедраны құруға көмектескені үшін Қорғаныс министрлігі мен университет басшылығына алғысын білдірді.

– Бұл Төтенше жағдайлар министрлігінің офицерлік кадрларының біліктілігін едәуір арттыруға және ведомствоның күштері мен құралдарын жедел-тактикалық басқару сапасының жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.

 Ұлттық қорғаныс университетінде 2011 жылдан бастап Ұлттық ұлан факультеті, 2016 жылдан бастап ҰҚК Шекара қызметі факультеті, 2017 жылдан бастап Мемлекеттік күзет қызметі факультеті жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде Қазақстанның жетекші әскери жоғары оқу орны еліміздің басқа әскерлері мен әскери құралымдары үшін 250-ден астам магистрант дайындағанын айта кеткен жөн.