logo

Қарулы күштердің 30 жылдығы қарсаңында ғылыми-теориялық конференция өтті


Қарулы күштердің 30 жылдығы қарсаңында ғылыми-теориялық конференция өтті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері: 30 жыл тәуелсіздік күзетінде» тақырыбында ведомствоаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Іс-шараға Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басшылығы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының мүшелері және шет мемлекеттердің әскери атташелері қатысты. Шақырылғандардың қатарында Қарулы күштердің ардагерлері, қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарының өкілдері де болды. 

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов тәуелсіздік жылдары Қазақстан әскері жаңғыру кезеңдерінен өтіп, елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ететін толыққанды мемлекеттік институт ретінде қалыптасқанын атап өтті.

– Алдағы мерейтой – осы жылдар ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы белгілі болатын меже. Бүгінде армия алдында жаңа міндеттер тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштерімізді дамытудың жаңа кезеңіне шығаратын бірнеше өзекті бағыттарды белгіледі, – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Конференцияға қатысушылар Қарулы күштердің құрылысы мен оны дамытудың басым бағыттары, әскери-техникалық саясат, қорғаныс-өнеркәсіп кешені және халықаралық әскери ынтымақтастық мәселелері төңірегінде пікір алмасты.