Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде жеке құрамға вакцинация жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні вакцинация қазіргі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайдан шығудың жалғыз құралы болып табылады.
– Вакцинация ерікті түрде жүргізілуде. Қазіргі уақытта жеке құрамның жартысынан астамы вакцинаны алды. Әскери қызметшілер жоғары саналылық танытуда, – деп атап өтті университеттің медицина қызметінің бастығы полковник Нұрлыбек Байтақов.
Денсаулық сақтау органдары өкілдерінің ұсынымдарына сәйкес, COVID-19 таралуын төмендету және тоқтату, сондай-ақ ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін жеке құрамның 65-70%-ға дейін қамтылуын қамтамасыз ету қажет.
Университеттің жеке құрамын вакцинациялағаннан кейін ЖОО әскери қалашығының аумағында тұратын әскери қызметшілердің отбасы мүшелері екпе алады.