17-18 наурызда Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру жобалар қызметінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттарына «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты көшпелі семинар-тренинг өткізді.
– Екі күндік курс барысында Тәуелсіз Қазақстанның тарихына және оның жетістіктеріне жан-жақты шолу жасалды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық мақалалары мен Президент Қ. К. Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаулары жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ посткеңестік кеңістіктегі басқа мемлекеттердің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы, бүгінгі таңдағы жаһандық үдерістер, жалпыәлемдік рухани дағдарыс сияқты мәселелерге баса назар аударылып, салыстырмалы-сараптамалық талдау жасалды. Тұңғыш Президент атындағы Қорғаныс университетінің басшылығы атынан Елбасы кітапханасының басшылығына алғыс білдіремін. Біз алдағы уақытта да Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері тарапынан осындай терең мағыналы, қоғамдық санаға ықпал ететін мемлекеттік идеологияны насихаттайтын дәрістерді күтеміз. Екі мекеме арасындағы ынтымақтастық арта түсетініне сенім білдіреміз, -деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің тәрбие және идеологиялық жұмыс басқармасының басшысы, полковник Қайсар Мұғалов.
Елбасы кітапханасының Ұлттық қорғаныс университетімен бұрыннан орнаған ынтымақтастық аясында бұған дейін бірқатар қоғамдық маңызы бар іс-шаралар өткізілді. Олардың қатарында «Стратегия – 2050» контекстіндегі Қазақстан Республикасы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері: тәжірибе және перспективалар» дөңгелек үстелі, «Ел тағдырын айқындаған Тәуелсіздік» форумы, «Жастар ортасында діни экстремизмнің таралуы: жағдайы және даму үдерісі» тақырыбында лекторий, көшпелі экскурсиялар және тағы да басқа бар. 2016 жылдан бастап Елбасы кітапханасының семинар-тренингтеріне Ұлттық қорғаныс университетінен 300-ден астам тыңдаушы қатысты.