Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті Ұлттық ұлан факультетіне 11 жыл толды.
Ол құрылған сәттен бастап Ұлттық ұлан әскерлері үшін 146 магистрант даярланды, сондай-ақ Ұлттық ұланның 316 офицері біліктілікті арттыру курстарында оқытудан өтті.
Факультет базасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке қол жеткізу – сенімді қорғау» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференция жұмысына Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Қайрат Ақтанов, басқарма офицерлері, профессорлық-оқытушылар құрамы мен магистранттар қатысты.
Баяндамаларда факультеттің оқу-тәрбие процесінің жетістіктері мен табыстары, одан әрі даму мәселелері және оларды шешу жолдары айтылды. Қызу пікірталаста конференцияға қатысушылар өз ойларымен және кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Ғылыми-теориялық конференцияның нәтижелері бойынша оқу-тәрбие процесін жетілдіруге және магистранттарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған қарар қабылданды.
Конференцияға қатысу Ұлттық ұлан мен жеке құрамның дайындығын жетілдіруде көптеген жаңа және қызықты дүниелерді білуге, әскерлерді дамытудың проблемалары мен перспективаларын білуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті генерал-майор Қайрат Ақтанов.