Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде Біріккен Араб Әмірліктерінің әскери қызметшілері «Біліктілікті арттыру институты» факультетінде білім алып шықты.
Салтанатты іс-шара 2018 жылы қазанда Ұлттық қорғаныс университетінде ашылған БАӘ Қарулы күштерінің әскери өнер дәрісханасында өтті.
Курстың ұзақтығы тоғыз айға созылды. Түлектерге сертификатты Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерел-лейтенант Сұлтан Камалетдинов табыс етті.
– Бұл – біздің университеттегі Біріккен Араб Әмірліктері әскери қызметшілерінің алғашқы түлектері. Аталған курстар әскери білім саласындағы екі елдің өзара іс-қимылының жаңа бағыттарын ашып, біздің университетте магистатура мен доктарантура білімін жалғастыруға негіз болады,- деп атап өтті ол.
Оқыту әскери білім беру және кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастықты көздейтін Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері Қорғаныс министрліктері арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға сәйкес ұйымдастырылған.